Отан қорғау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әрбір әскери қызметшісінің, сондай-ақ, еліміздің әрбір азаматының қасиетті борышы және міндеті болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әрбір әскери қызметшісі егеменді еліміздің тәуелсіздігін абыроймен қорғауға, Отан сүю жолында патриотизм сезімін жоғары қойып, әскери қатаң тәртіпті сақтай отырып, тәуелсіз республикамыздың шекарасын бұзуға жол бермеуге, қызметте және тұрмыста жауапты болуға міндетті және Отан қорғаушы атағын мақтанышпен ұстауға тиісті.
Әскери тәртіп дегеніміз – әскери қызметшілердің заңдармен, жалпыәскери жарғылармен, басқа да нормативтік құқықтық актілермен және командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарымен (өкімдерімен) белгіленген қағидаларды қатаң және нақты сақтауы. Әскери тәртіп әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі болып табылады.
Бұл ретте, жеке құрамды патриотизм рухында тәрбиелеу, құқық бұзушылықтарды болдырмау, әлеуметтік әділеттілікті сақтау, әскери ортада экстремизм мен терроризмді, әскери бөлімдерде сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімімен тиісті жұмыстары ұйымдастырыла отырып, әскери прокуратурамен бірлесіп бірқатар алдын -алу іс-шаралары жүргізілді.
Сондай-ақ, гарнизон әскери прокуроры әзірлеген экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі алдын алу іс-шараларының жоспарына сәйкес, Қапшағай гарнизонының әскери бөлімдерінде, әскери қызметшілердің барлық санаттарының жеке құрамымен бірқатар сабақтар өткізілді.
Оның ішінде әскери қызметшілер және олардың отбасыларымен отбасылық кикілжіңдерге жол бермеу жөніндегі түсіндіру жұмыстары, оларға құқықтары мен міндеттерін жеткізу, анонимді және әлеуметтік сауалнама жүргізу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын анықтау бойынша, сондай-ақ дәстүрлі емес діни бағыттағы тұлғаларды анықтау бойынша сауалнама жүргізу, сұрақ-жауап кештері, дөңгелек үстелдер және ашық есік күндері жүргізілді. Бұндай іс-шаралардың мақсаты әскери қызметшілерге құқықтық көмек беру, олардың мәселелерін жеке тыңдау арқылы болашақта ауыр мән-жайларға жол бермеу болып табылады.