Өткен демалыс күні "Қамқор жүрек" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі 40 балаға арналған шырша өтті.
Шыршаға шақырылған балалардың қуанышында шек болмады. Шарада түрлі қойылымдар қойылып, ән айтылды, күй де шертілді. Балақайларға сый-сияпаттар табыс етілді.
Жалпы Алматы облысында Жаңа жыл мерекесі ауқымды тойлануда. Күні кеше өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен Президенттік шырша өтсе, бүгін "Самға" оңалту орталығының 30-дан астам ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған шыршасы өтіп жатыр. Ал ертең қала әкімі Нұрлан Құматаевтың шыршасы ұйымдастырылады. Оған 150 бала қатысады деп жоспарланған.
Сондай-ақ Қонаев қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен шаһар жұртшылығына көңіл-күй сыйлау үшін автошеру өтті.
Бұл көліктер жергілікті кәсіпкер Мұрат Сіргебаевқа тиесілі. Ретрокөліктер қаланы аралап, мереке келе жатқанын білдіргендей, сезім тарту етті.
Әкімдік мамандары мен жаны жайсаң жандар мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып, айтулы мерекемен құттықтады.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі