Қонаев қаласында тұрғын үйлерді инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін бірнеше шара қолға алынған. Соның бірі – Самал, Ардагер ықшам аудандарында ауыз су құбырын тарту және электрмен жабдықтау шарасы, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қонаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Ержан Тұрыспаевтың сөзінше, 2021-2022 жылдары арнайы жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Аталған жоспарға сәйкес, Самал, Ардагер шағын аудандарында 18 дана трансформатор қойылып, 33 шақырымнан астам электр желісі тартылады.
Сондай-ақ 1000 текше метр көлемдегі су сиятын резервуар орнатылып, 5,3 шақырым су құбыры жүргізіледі. Айта кетейік, бұл тек жеке тұрғын үйлердегі инженерлік-инфрақұрылымды дамыту үшін жасалған жоба.