18+

Шаһардың шеткі аудандары қалай дамиды? - Қонаев қаласы әкімдігі жауап берді

Қонаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Самал, Ардагер шағын аудандарының жер иелерімен кездесу өтті. Жиында облыс орталығының шеткі аудандары қалай дамитыны жөнінде айтылды.

Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахметтің сөзінше, аталған аудандардағы жерлер 2006 жылы жеке тұрғын үйлер салу үшін берілген. Алайда, осы уақытқа дейін инженерлік желілер тартылмағандықтан, жер игерілмеген.

"Жоспарға сәйкес, Самал, Ардагер шағын аудандарында 18 трансформатор орнатылып, 33 шақырым электр желісі тартылады. Сондай-ақ 1000 текше метр көлемдегі су сиятын резервуар қойылып, 5,3 шақырым су құбыры жүргізіледі. Қазіргі таңда конкурс ойнатылып, мердігер компания анықталған. Серіктестікпен 2 млрд 816 млн теңгеге келісімшартқа отырдық. Құрылыс жұмыстары 15 ақпаннан басталып, 2025 жылдың қаңтарында аяқталады деп жоспарланған", – деді әкімнің орынбасары.

Өз кезегінде тұрғындар МКД-нің игерілмеген жерге салған салығына шағымданды.

"Инженерлік желілердің жоқтығы жерді игеруге мүмкіндік бермеді. Ал оған қоса, департамент салық салды", - деді халық бір ауыздан.

Сондай-ақ оқыңыз: Самал, Ардагер шағын аудандарында қандай жұмыстар атқарылады?

Жиналған жұрттың бұл сұрағына Алматы облыстық МКД-нің басқарма басшысы Олжас Отар жауап берді. Айтуынша, үй салынбаған жерге "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясының ұсынған мәліметіне сай салық салынған. ҚР Салық кодексінің 505-бабына сәйкес, Қонаев қаласында жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлік салығы шаршы метріне 6,75 теңгені құрайды.

Басқосу нәтижесінде салық мамандары әр тұрғыннан түскен арыз-шағым, өтінішті жекелей қарайтын болды. Бұл шешім халық тарапынан қолдау тапты.

Ал қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет екі шағын аудандағы инфрақұрылымды дамыту шаһар басшылығының бақылауында болатынын айтты.

Углеродные поглощения
22:34, 19 ноября
Назначение
15:54, 19 ноября