Қазіргі таңда Алматы облысында шаруалардың 8 пайызы ғана тамшылатып суару әдісін қолданады. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев суды үнемдеу технологиясына көшу – маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтіп, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берген болатын.
Аталған бағытта жұмыстар басталып кетті. Нақтырақ айтқанда, биыл қытайлық компания өкілдері Қонаевта "Жібек жолы" ЖШС атты ауқымды зауыт кешенін іске қоспақ ниетте. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Компания өкілдерінің сөзінше, мұнда тамшылатып суаруға арналған құбырлар мен құрылғылар, құрама жем мен құрғақ сүт зауыты, шаруашылыққа арналған жабдықтар шығарылады. Зауыт күніне 1000 гектар аумақты қамтитындай өнім өндіреді. Қажетті шикізат көршілес Қытай елінен әкелінеді. Өндірілген өнім алдымен Қазақстанға, кейіннен экспортқа шығарылады. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін елімізде балаларға арналған құрғақ сүт шығаратын бірде-бір зауыт ашылмаған.
Инвесторлар бос қалған зауыт орнын банктен сатып алып, 10 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құйған. Былтырдан бастап зауытты игеріп, қажетті жабдықтарын әкеле бастаған. Енді тауарды тасымалдау үшін теміржол қажеттілігі туындап отыр.
Өз кезегінде облыс әкімі мемлекеттік қолдаудың барлық түрі көрсетілетінін атап өтті. Оның ішінде субсидия, "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша қарастырылған көмек, теміржол салу секілді бірқатар шаралар бар.
Сондай-ақ аймақ басшысы тамшылатып суару әдісіне көшу бойынша Шеңгелді ауылы басқа елді мекендерге үлгі болуы керек екенін айтты.
Айта кетейік, Қонаевта 4 түрлі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Оның ең ірісі – "Оспанова Девелопмент" ЖШС-на тиесілі балық зауыты. Жалпы қуаттылығы 10 мың тонна балық өсіруге жеткілікті.