2024 жылдың 26 қаңтарында Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының мәдениет үйінде жазушы, қазақ әдебиетінің классигі, балалар әдебиетінің бәйтерегі – Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті.
Кеш шымылдығы алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде Марат Елеусізұлы, Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатынын, сонымен қатар қаламгердің туған жері Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылындағы Бердібек Соқпақбаевтың аты берілетін саябақта жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретіндігін, облыс аумағындағы бірқатар нысандар мен көшелерге аты берілетінін айтып түйіндеді.
Өңір басшысының құттықтау-баяндамасынан кейін жазушының қызы Самал Соқпақбаева, және кеш қонақтары ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақын-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан Оразалин, Қазақ баспасөзінің айтулы ақсақалдарының бірі, өткір публицист, Қазақстан жазушылар одағы деректі проза кеңесінің төрағасы, профессор - академик, белгілі журналист Марат Тоқашбаев, ҚР Президентінің Кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы, ақын ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан ықыласты құттықтауларын жеткізді.
Кештің модератор-жүргізушісі болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бекжан Тұрыс. Кеш қонақтараның ішінде « Менің атым Қожа» филіміндегі Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Сегізбаевта төбе көрсетті.
Салтанатты іс-шараның ресми бөлімінен соң қаламгердің рухына тағзым жасау үшін арнайы келген Қазақстанға танымал эстрада әншілері Мейрамбек Бесбаев, Мадина Садуақасова, «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, сонымен қатар танымал опера әншісі Есеңгелді Ырза, дәстүрлі әнші Құрметжан Ербақ, «Сенім» балалар хорының әндерімен көпшіліктің көңілі тербелді, концерт Актерлік құрамның қойылымдарымен аяқталды.