Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков №12 және №14 мекемелеріне барып, сотталғандарды жеке өзі қабылдады.
Пенитенциарлық мекемелерге жұмыс сапарымен ҚАЖД басшысымен бірге оның орынбасарлары Қанат Ашов пен Ерлан Ұзақов келді.
Жеке қабылдау барысында Департамент бастығы сотталғандардың өтініштерін тыңдады. Сұрақтар негізінен, медициналық қызмет көрсету, мүгедектікті ресімдеу, жұмысқа орналасу және тамақтану нормаларына қатысты болды.
Қойылған сауалдарына жауап алғаннан кейін, сотталғандар ҚАЖД басшысына жеке қабылдағаны үшін алғыс айтты.
Жұмыс сапарының нәтижелері бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, орындалатын міндеттер мен ерекшеліктерді ескере отырып, Департаменттің мекемелері мен бөлімдері үшін ұсынымдар әзірленді.
Сонымен қатар, Департамент басшылығы мекемелердің жасақтарын аралап, сотталғандармен сұхбаттасты.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша 9 мекеме мен күзет бөлімі жұмыс істеуде.
Мұндай іс-шара әр сәрсенбі сайын тұрақты негізде өткізіледі.