18+

Қонаевтық дәрігерлер өкпесі қабынған ауыр хәлдегі науқасты аман алып қалды

Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасына 63 жастағы науқас ауыр хәлде түскен.

Сөзінше, науқас үй жағдайында емделіп, ауруын асқындырып алған. Емханаға жеткізілгеннен кейін дәрігерлер қажетті медициналық талдау жүргізіп, ренгтенге түсірген. Кейіннен жүргізілген сараптама науқаста пневмония екенін анықтаған.

"Пневмония – көбінесе инфекция себебінен, әсіресе бактериялардан болатын өкпенің қабынуы. Уақтылы ауруханаға жатқызылмаған және емделмеген жағдайда ауру өліммен аяқталуы да мүмкін. Бізге науқас ауыр жағдайда әкелінді. Барлық қажетті медициналық көмекті тағайындадық. МӘМС есебінен ем-домын, дәрі-дәрмегін алып жатыр", - дейді пульмонолог дәрігер Айгерім Саменбаева.

"Мені өлім аузынан аман шығарып, аяқтан тік тұрғызды. Бұрын соңды МӘМС-ке жарна төлеп тұрдым. Соның нәтижесінде 2 жыл бұрын гинекология жағынан тегін ота жасаттым. Кейін жағдайыма қарай төлей алмадым. Ал, қазір ауруханаға шұғыл жағдайда келіп түстім. Зейнет жасына жеткен соң қор жарнаны мен үшін өзі төлеп отыр. Сондықтан барлық медициналық қызметті тегін алып отырмын", - дейді Ирина Зак.

Айта кетерлігі, елімізде шұғыл жағдайда науқасқа қызмет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.

Оған жедел медициналық жәрдем, амбулаториялық және стационарды алмастыратын жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жатады.

Выборы
11:07, 16 декабря