18+

Қонаев және Алматы қалаларындағы станциялардан Батыс Қазақстан облысына су тасқынымен күресу үшін арнайы және инженерлік техникалар жөнелтіліп жатыр

Алматы облысынан жиналған техникалар құрамында, камаз, самосвал, трактор, су тасығыш және моторлы қайықтар бар.

Техниканы жөнелтуге дайындық жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылды, оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті, "Қазақстан темір жолы" АҚ өкілдері, 32363 әскери бөлімінің 55 әскери қызметкері және Қонаев қаласының әкімдігі қажетті материалдарды қамтамасыз етіп, жабдықтарды платформаға тиеді. "Маревен Фуд Тянь-Шань" серіктестігі мен жеке кәсіпкер Арсамақов су басқан өңірлерге бара жатқан жүргізушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етті.

"Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен бүгінде су тасқынымен күресу үшін Батыс Қазақстанға Қонаев және Алматы қалаларындағы станциялардан 166 бірлік арнайы техника жөнелтіліп жатыр. Кеше 60 техника және ішінде 4 қайық тиелген 47 платформа жолға шықты. Сонымен қатар 65 техника платформаларға тиеліп жөнелтуді күтіп тұр. Әр пойыз дайын болған бойда жөнелтіліп отырады. Әр техникаға бір-бір жүргізуші тағайындалып, олар да пойыздың басындағы жолаушылар вагонына орналасқан.

Бұл шараға облыс кәсіпкерлері, коммуналдық қызметтер мен облыстық басқармалар, сонымен қатар шаруа қожалықтары қатысуда. Халқымызды табиғаттан келген тосын жағдайдан қайткенде аман алып шығамыз, Біздің күшіміз бірлікте", - деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов.

Айта кетейік, айдың басында облыстық төтенше жағдайлар департаменті Атырау қаласына 33 жеке құрам мен 13 техника аттандырды, олар күні бүгінге дейін бар. Абай ауданына 6 құтқарушы мен 2 бірлік техника жіберілді. Ал бүгін 4 құтқарушы мен 2 қайық жөнелтіледі.

Жөнелтілген техника шамамен үш күн жол жүріп және учаскеге жеткен соң барлық қажетті жұмыстарды бастайды.

Тогызкумалык
13:17, 25 декабря