Қала әкімі Асхат Бердіханов аппарат жиыны барысында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың түйткілін айтып, жауаптыларды сынға алды.
Қонаевта құрылысты ұзаққа созған компанияның ісі сотта қаралады
"Бақылау жоқ. Бөлінген ақшаны шоттарына аударып алып, құрылысты созып жүреді. Нәтижесінде халықтың наразылығы туып жатыр. Мәселені бір жағына шығарыңдар", – деді Асхат Бердіханов.
Әкімнің сынына қалған "SHEBERBUILD" ЖШС-нің қызметі. Аталған компания шаһардағы жылу жүйелерін ауыстыру және Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, №10 шағын ауданда 3 тұрғын үйді салу бойынша конкурсты ұтып алған. Оның ішінде оқу ошағының күрделі жөндеуі 2024 жылдың 30 сәуірінде аяқталуы керек болған.
Алайда, компания бұл уақытқа үлгермей, жұмыстың тек 75 пайызын ғана орындаған. Сондықтан қалалық білім бөлімі компанияның ісін сотқа жіберді.
Бұдан бөлек, серіктестік №№ 2,4,5 шағын аудандардың жылу желісін ауыстыруды осы жылдың қаңтарында межесіне жеткізуі керек еді. Бірақ, былтырғы қыркүйек айынан компания жұмысы орындалу кестесінен кешіге бастаған. Осыған байланысты қалалық ТҮКШ бөлімі компанияға бірнеше рет хат жіберген. Нәтиже болмаған соң, істі Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолдау жоспарланып отыр.
Мұнда ТҮКШ бөлімі қос тараптың келісімшартын бұзу әрі мердігерді жосықсыз деп тану туралы талап қоюды көздеуде.
Ал №10 шағын аудандағы 180 пәтерлі тұрғын үйлер былтыр желтоқсанда қолданысқа берілуі керек болған. Құрылыс бөлімі бірнеше рет хат жолдап, кейін сотқа беріп, мерзімді 20 маусымға дейін созды. Қазіргі таңда 90 пайыз жұмыс аяқталды.
Құрылыс жұмыстары әкімдіктің бақылауында.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі