Бүгінде Алматы облысында сақтандырылған халық саны 1 млн 200 мыңнан асады.
Олардың 70 пайызына жуығы жеңілдік санатына жатады. Бұл азаматтар үшін мемлекет жарна төлеп келеді. Ол қатарда балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлері де бар. Күн санап МӘМС-тің тиімділігін көріп, сақтандыру мәртебесін алып жатқан азаматтар қатары толығып келеді.
Жүйенің тиімділігін, оның мүмкіндіктерін және жаңа саладағы реформаларды халыққа кеңінен насихаттау мақсатында қор өкілдері аймақтағы "CDEK" жеткізу қызметінің мамандарымен кездесті.
Онда қордың облыстық филиалының қызметкері Әкімбек Саурықбаев МӘМС жүйесіндегі мәртебенің медициналық қызмет алуда маңыздылығы, жүйенің жаңашылдықтары туралы әңгімеледі.
"МӘМС-тің енгізілуі көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейту және олардың көлемін ұлғайту бөлігінде ғана емес, сонымен қатар күрделі оталар мен жоғары дәлдіктегі диагностиканы күту ұзақтығын қысқарту мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Мысалы, кардиохирургиялық операцияларды күту ұзақтығы 3-4 айдан 1 айға дейін, КТ, МРТ – 10 күнге дейін қысқарды.
Сонымен қатар, бұрын ақылы негізде жүргізілген көптеген операциялар, мысалы, есту қабілетін қалпына келтіру отасы МӘМС жүйесінде қол жетімді болды. ПЭТ қызметтері, яғни онкологиялық ауруларды диагностикалау сапасын және оларды емдеудің тиімділігін едәуір арттыратын позитронды-эмиссиялық томография қолжетімді болды", - деді кездесуде халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі басшысының м.а. Әкімбек Саурықбаев.
Өз сөзінде маман Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жинақтаушы жүйе емес, баршаға ортақ жүйе екенін баса айтты. Міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін басқа кезеңдерге қайта бөлу мүмкін емес, бірақ егер адам басқа ЖСН-ға жарна төлесе, күні қате көрсетілсе немесе қате деректер көрсетілсе, оларды қайтаруға болатынын жеткізді.
Түсіндіру жұмыстары кезінде "CDEK" өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Әсіресе, шағымдар кезінде қайда жүгінуге болатынын, төлемдердің көлемі, оларды төлеу тетіктері, емханаға тіркелу жайлы сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.