Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлеген жарналары мен аударымдары қайда сақталатыны және бағытталатыны қазақстандықтарды жиі қызықтырады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры оған толық жауап дайындады.
Барлық жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің арнайы шотына түседі, ал сол жерден халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңда (21-бап) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры инвестициялық қызметті Қордың активтерін (МӘМС қаражатын) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыру жолымен жүзеге асыратыны көрсетілген. Бұл ретте Қор мен Ұлттық Банк арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды.
Ол қалай жасалады?
Ұлттық Банк артылған ақшаны (МӘМС есебінен көрсетілген медициналық қызметтерге төленгеннен кейін қалатын ақша) қаржы құралдарының бекітілген тізбесіне сәйкес қатаң түрде бағалы қағаздар мен депозиттерге орналастырады.
Бұл инвестициялық табыс алуға, яғни МӘМС жүйесінің жинақталған активтерінің сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге бағытталады және Қордың қажеттілігіне жұмсалмайды. Осы ретте Қор МӘМС қаржысын өз еркімен орналастырмайды.