Алматы облыстық Халықтық штабы Есік қалалық гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – жастарға атом электр станциясы салу туралы ақпарат беру және энергетика саласындағы қазіргі жағдайды талқылау болды.
Өңірлік Халықтық штаб мүшесі Бағдат Рахимов АЭС салудың елдің энергетикалық саласына ықпалы туралы баяндады.
Кездесуде АЭС құрылысының технологиялық ерекшеліктері мен қауіпсіздік шаралары талқыланды. Халықаралық стандарттарға сай III және III+ буын реакторларының қолданылуы, олардың қауіпсіздік жүйелері және апаттардың алдын алуға арналған технологиялары туралы түсіндірілді.
Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, реакторлардың жұмыс принциптері және қауіпсіздік талаптары жан-жақты қаралды.
Халықтық штабтың тағы бір мүшесі Гүлнар Құраметова АЭС салу жобасының экономикалық және әлеуметтік әсерлері туралы ой бөлісті.
Кездесу соңында студенттер мен оқытушылар АЭС құрылысына қатысты сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті. Жастар энергетика саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, АЭС салудың әлеуетті әсерлерін түсінді.