Халықаралық қарттар күні қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында тұратын 81 жастағы Жақабай Жұмағұлұлы мен 79 жастағы жұбайы Айтаңсық Тұрғанбаеваны шаңырағына барып құттықтады, деп хабарлайды Qonaev-gorod Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс басшысы бұл күні тек қарттарымыздың қадір-қасиетін арттырып қана қоймай, сонымен қатар олардың өмір жолы мен сіңірген еңбектерін бағалаудың маңыздылығын атап өтті.
Жақабай Жұмағұлұлының өмір жолы теміржол саласымен тығыз байланысты. 1960 жылы қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастап, жоғары лауазымдарға дейін көтеріліп, 2006 жылы зейнетке шыққан.
Атқарған қызметі үшін "Қазақстан Республикасының құрметті теміржолшысы" төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар, тракторшы және дәнекерлеуші курстарын бітіріп, өз білімін үнемі жетілдіріп отырған.
Ал Айтаңсық Тұрғанбаева - ұлағатты ұстаз. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география факультетін сырттай оқып бітірген. Қосқұдық бекетінде география пәнінің мұғалімі, соңғы 12 жылда мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған.
Жақабай ата мен Айтаңсық апайдың отасқандарына 60 жыл толып отыр. Бес бала тәрбиелеп өсірген, 14 немере және 21 шөбересі бар.