Өткен демалыс күндері Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогі сынға түсті, деп хабарлайды Qonaev-gorod Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әуесқой ересектер арасында өткен жарысқа еліміздің түрлі өңірінен 12 команда қатысты.
Спортшыларды шараның ашылуымен әкімнің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтады.
Ашық турнирдің 1-ші күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға "Жаркент-Талды", "Жетісу облысы", "Шымкент", "Ширин" командалары шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді.
2-орынды Ұйғыр ауданынан келген жігіттер жеңіп алды, ал 3-орынға жетісулық команда табан тіреді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар спортшылар жекелеген "Үздік ойыншы", "Үздік үйлестіруші", "Үздік тосқауылшы", "Үздік шабуылдаушы" номинацияларымен марапатталды.