Ашық аспан астында жас қылқалам шеберлері бас қосты. Қапшағай көлі жағалауында "Таза Қазақстан" акциясы аясында "Жасыл елім - жанға сая" атты сурет байқауы өтті.
Шараға Қонаевтағы "Asyl" өнер мектебінің жас суретшілері қатысып, өзара бақ сынасты. Жастар өз шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, табиғаттың сұлулығын бейнеледі.
Шара бірнеше сағатқа жалғасты. Жас суретшілер ашық аспан астында қоршаған ортаны, Қапшағай көлінің толқындарын суреттеп, қағаз бетіне түсірді. Туындылары үздік деп танылған жас суретшілер Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Айта кетерлігі, биыл "Таза Қазақстан" аясында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 200-ге жуық шара өтті. Оған 8 000-ға жуық жас тартылған.