Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar компаниясының зауыты салынуы мүмкін.
Жобаны жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен компанияның басқарушы директоры, шейх Джамаль Аль Гурайр арасындағы кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Qonaev-gorod Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында зауыттың орнын таңдау, қант қызылшасы үшін егістік алқаптарды ұйымдастыру және оларды сумен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Қонаев қаласына жақын орналасқан аумақ логистикалық тұрғыдан тиімді деп танылды.
Алайда су мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр – егістіктерді суару үшін баламалы су көздері іздестірілуде.
Инвесторлар зауытты толықтай автономды ету мақсатында жел электр станцияларын салу мүмкіндігін де қарастыруда.
Al Khaleej Sugar – әлемдегі ең ірі автономды және энергия үнемдейтін қант зауыты. Компания әлемдік тазартылған қант нарығының шамамен 3 пайызын қамтиды.
Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің гидрологиялық ресурстарын жан-жақты зерттеу үшін кәсіби консультанттар мен мамандандырылған ұйымдарды тартуға уағдаласты.
Бұл шешім суару мәселесін тиімді шешіп, инвестициялық жобаны сәтті іске асыруға мүмкіндік береді.