• Главная
  • Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді
19:23, Вчера
Надежный источник

Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі – Al Khaleej Sugar компаниясының зауыты салынуы мүмкін.

Жобаны жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен компанияның басқарушы директоры, шейх Джамаль Аль Гурайр арасындағы кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Qonaev-gorod  Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматы облысы аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Дамуды жалғастыру үшін бізге заманауи технологиялар мен сенімді серіктестер қажет. Бүгінгі кездесу – өңір экономикасы үшін маңызды қадам", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Кездесу барысында зауыттың орнын таңдау, қант қызылшасы үшін егістік алқаптарды ұйымдастыру және оларды сумен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды. Қонаев қаласына жақын орналасқан аумақ логистикалық тұрғыдан тиімді деп танылды.

Алайда су мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр – егістіктерді суару үшін баламалы су көздері іздестірілуде.

"Біз үшін егістік алқаптарды сенімді әрі жеткілікті су көздерімен қамтамасыз ету өте маңызды. Жобаны тиімді жүзеге асыру үшін гидрология саласындағы үздік мамандарды тартамыз", – деді шейх Джамаль Аль Гурайр.

Инвесторлар зауытты толықтай автономды ету мақсатында жел электр станцияларын салу мүмкіндігін де қарастыруда.

"Біздің мақсатымыз – толықтай дербес кәсіпорын құру. Қайта жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қоршаған ортаға әсерді азайтып, зауыттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді”, – деп қосты шейх Аль Гурайр.

Әлемдік қант алыбы Қазақстанға келеді, фото-1

Al Khaleej Sugar – әлемдегі ең ірі автономды және энергия үнемдейтін қант зауыты. Компания әлемдік тазартылған қант нарығының шамамен 3 пайызын қамтиды.

Шейх Аль Гурайр қант өнеркәсібінен бөлек, фарфор, құрылыс материалдары, жылжымайтын мүлік және көлік салаларында да табысты жобаларды жүзеге асырып келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар өңірдің гидрологиялық ресурстарын жан-жақты зерттеу үшін кәсіби консультанттар мен мамандандырылған ұйымдарды тартуға уағдаласты.

Бұл шешім суару мәселесін тиімді шешіп, инвестициялық жобаны сәтті іске асыруға мүмкіндік береді.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...